Алматыда қала тұрғындары Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысындағы аялдама кешенінің бұзылуына наразылық білдірді. Олардың айтуынша, бұл жерде адам көп жиналады, ал орнатылған жаңа құрылымдар тым шағын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Төле би — Момышұлындағы аялдаманы бұзып тастады. Тырнақшаға алып жаңасын қойып жатыр. Таңертең автобус күтіп тұрған адам көп жиналатын үлкен аумаққа 1,5 м-ге 3 м екі құрылым әкелінді. Бұрын олар Н. Сац театрының жанында тұрған», — деп жазды Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы.

Қала әкімдігі жағдайға түсініктеме беріп, Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысында бұрын сауда үй-жайлары бар аялдама кешені орналасқанын, олардың қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегенін түсіндірді.

«Заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде заңсыз салынған сауда нысанын бұзу ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аталған учаскеде конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін жолаушыларға қоғамдық көлікті күту жағдайын қамтамасыз ету үшін екі аялдама павильоны уақытша орнатылып жатыр. Бүгінгі күні жаңа аялдама павильондарын сатып алу және орнату бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде», — деп хабарлады әкімдікте.

Онда конкурс қорытындысы шығып, мердігер ұйым айқындалғаннан кейін уақытша құрылымдар жолаушылар ағынын және қоғамдық көлікті күтудің қолайлы жағдайын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, жаңа аялдама павильондарымен алмастырылатынын қосты.