Абай облысында «Үшбиік», «Жарма» және «Шар» станцияларындағы теміржол вокзалдары кең ауқымды жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты, деп хабарлайды infohub.kz.

Жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді. Жалпы ел бойынша 124 вокзал жаңартылады, оның 10-ы — Абай облысында.

«Темір жол — елді мекендерді байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйелерінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — уақыт талабынан туындап отырған маңызды міндет. Маңызды көлік жолдарының тоғысқан жерінде орналасқан Жарма ауданында біз бірден үш жаңа вокзалды ашып отырмыз. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына септігін тигізсін», — деді Уәли.

Үш станция да аймақтың көлік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар арқылы «Семей — Астана», «Новосибирск — Алматы», «Павлодар — Алматы», «Семей — Қызылорда» және «Өскемен — Алматы» бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары жүреді.

1982 жылы салынған Шар қаласындағы вокзал жаңғыртудан кейін ауданын 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайтты. Бір қабатты ғимарат екі қабатты болды, ішкі бөлмелер толық жаңартылды, лифт орнатылды, күту және қызмет көрсету аймақтары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Сондай-ақ ұзындығы 716 метр жаңа аралдық платформа салынды.

«Үшбиік» станциясындағы 1995 жылы салынған вокзалда соңғы күрделі жөндеу 14 жыл бұрын жүргізілген еді. Енді оның ауданы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін өсті, ішкі бөлмелер жаңартылды, күту және жолаушыларға қызмет көрсету бөлмелері қажеттінің бәрімен жабдықталды.

«Жарма» станциясындағы 1996 жылы салынған вокзал ғимаратын бұзып, қайта тұрғызу туралы шешім қабылданды. Жаңа вокзалдың ауданы бұрынғы 217 шаршы метрдің орнына 347,7 шаршы метрді құрайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталды, күту және қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Қосымша 650 метр перрон жаңартылды.