Грекияның Афинаға жақын орналасқан Саламина аралында бірнеше минут аралығында екі өрт шығып, салдарынан екі адам қаза тауып, жүздеген адам эвакуацияланды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Өрт сөндірушілердің мәліметінше, жалынды сөндіруге 200-ге жуық өрт сөндіруші жұмылдырылып, олар Саламина аралындағы екі өрттің бір-біріне қосылып кетуіне жол бермеуге тырысуда. Грек басылымдарының хабарлауынша, алғашқы өрт жергілікті уақыт бойынша 14:40-та (Гринвич бойынша 12:40) тіркеліп, қатты желдің салдарынан тез тараған. Аралда жексенбі күні өрт қаупі жоғары деңгейде болған.

Жағалау күзетінің өкілі Грек телеарнасы ERT-ке берген мәліметінде, осы уақытқа дейін 90-ға жуық адам теңіз арқылы эвакуацияланған. Оның айтуынша, аймаққа бес патрульдік катер жіберіліп, тағы бірнеше жеке кеме көмекке тартылған. Өртке қарсы бірнеше әуе кемесі мен 50 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылған.

Саламина әкімінің орынбасары Тодорис Заннис өрт сөндірушілердің аралдағы таудағы жалынды ауыздықтап, екі өрттің бірігіп кетуіне жол бермеуге тырысып жатқанын айтты. Афинаның батысында орналасқан Саламинада 37 мыңға жуық тұрғын бар, олардың көбі қарт адамдар.

Айта кетейік, биік температураға байланысты бұл демалыс күндері Еуропаның түкпір-түкпіріндегі өрт сөндірушілер бірнеше табиғи өртпен күресіп жатыр.