Африка футбол конфедерациясы (КАФ) ұлттық федерацияларды ФИФА-ның коммерциялық құрылым FIFA Forward Enterprise құру жөніндегі даулы жобасын зерделеуге шақырды. Бұған дейін бұл жоба Еуропа мен Азия тарапынан сынға ұшыраған болатын. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Бұған дейін ФИФА басшысы федерацияларға қосымша субсидиялар алу үшін FIFA Forward Enterprise коммерциялық құрылымын құруды қолдауды ұсынған еді. Аталған бастаманы Еуропалық футбол ассоциациялар одағы (УЕФА), Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінің футбол конфедерациясы (КОНКАКАФ) және Азия футбол конфедерациясы (АФК) айыптады.

"Осы консультациялық процесс аясында КАФ президенті Патрис Мотсепе келесі аптада атқару комитетінің отырысын өткізіп, басқа мәселелермен қатар FIFA Forward Enterprise бастамасын бағалайды. Сондай-ақ КАФ өзінің мүше-ассоциацияларын FIFA Forward Enterprise ұсынысын зерделеуге және КАФ пен ФИФА регламенті мен белгіленген рәсімдерге сәйкес консультациялық үдеріске қатысуға шақырады", — деді ұйымда.

КАФ өз мүше-ассоциацияларымен, ФИФА-мен, басқа футбол конфедерацияларымен және мүдделі тараптармен консультациялар мен ынтымақтастықты жалғастыруға уәде берді. Бұл — Африкадағы және бүкіл әлемдегі футболды дамыту мен өсіру үшін қаржылық және басқа ресурстарды ұлғайту мақсатында.

Жоспар бойынша, FIFA Forward Enterprise көмегімен 2027 жылдан бастап 211 ұлттық ассоциацияның әрқайсысы FIFA Forward және FIFA Fast-Forward бағдарламалары бойынша төрт жылдық цикл ішінде 40 миллион долларға дейін ала алады. Ал 12 жыл ішінде төлемдер көлемі шамамен 86 миллион долларды құрауы мүмкін.

Бұған дейін ФИФА жоспары ерлер, әйелдер әлем чемпионаттары мен клубтық әлем чемпионаты сияқты негізгі активтерді басқару үшін компания құру екені хабарланған болатын. Жоба бойынша Дональд Трамп әкімшілігіне жақын адамдармен кеңесулер жүргізілді. Бұл ақпаратты ФИФА ресми түрде растады.