49 жастағы қазақстандық актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева «Болашақ» бағдарламасы аясында Лондонда білім алып, оқуын жалғастырып, докторантураға түсуді ұйғарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Instagram-дағы сторисінде әртіс тестілеу алдында қатты уайымдайтынын мойындады. «Қазір бұл адамдардың бәрі талапкер, ал болашақта докторант, бірақ олардың қайсысы түсетінін тек Алла біледі. Сәттілік тілеңдер», — деп жазды ол.
Емтиханнан кейін Иманбаева қайтадан жазылушылармен байланысып, әсерімен бөлісті. «Мен емтиханнан шықтым. Дедлайн 3 сағат 10 минут болды, мен онда шамамен 2 жарым сағат болдым. Өзім оқыған сұрақтар кездескеніне қуандым, бірақ қалай болатынын тек Құдай біледі. Өйткені әртүрлі мамандықтарға түсушілер көп», — деді ол.
Актриса шығармашыл адамдар туралы стереотиптер тақырыбын да қозғады. «Қоғамда әртістер білімсіз, клоундар сияқты тек ән айтып, тойларда көңіл көтеруі керек деген пікір қалыптасқан, мұндай стереотиптер бұрыннан қалыптасқан. Ал мен бұған келіспеймін, мен оқуды, жаңа нәрсе іздеуді, дамуды жақсы көретін адаммын. Мен 4 диплом алдым. Докторантураға түскім келуінің себебі — менде педагогика саласында 20 жылдық тәжірибе бар және зерттеуге арналған тақырыптар өте көп, сонымен қатар мәдениеттің қоғамдағы рөлі өте маңызды. Шығармашыл адамдардың өз миссиясы бар, мұны дәлелдеп, келер ұрпаққа көрсету керек, бұл біздің қолымызда, бізге бұл қолдан келеді, өйткені біз орта жастағы адамдармыз. Мен құжаттарды тек формальды түрде, PhD докторы атағын алу үшін тапсырған жоқпын. Ал шығармашыл адамдар тек шоумен, клоунадамен айналысады деп ойласаңыз, қателесесіз, арамызда оқып, дамып жүргендер көп», — деп атап өтті ол.
Еске салайық, 2023 жылдың жазында Айгүл Иманбаева «Болашақ» бағдарламасымен Лондонға оқуға ұшқан еді. 2024 жылдың мамыр айының соңында актриса оқуын аяқтап, дипломын көрсетті. Ол білімін шәкірттеріне беруді көздейтінін мәлімдеді.


