Қазақстандық ұлттық Aitu мессенджері ел тұрғындарын файл көшіру қиындығынан, тұрғылықты жері туралы анықтама іздеуден және шексіз кілт терүден құтқармақ. AI & Digital Bridge 2026 форумында BTS Digital компаниясы мессенджерді Қазақстандағы өмірдің «швейцариялық пышағына» айналдыратын ауқымды жаңартуды таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Айта кетейік, бүгінде WhatsApp ел халқының 80%-дан астамын қамтитын алып болып отыр — оны 13 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады. Отандық Aitu әзірге өзінің тұрақты аудиториясын жаңа қалыптастырып келеді: айына белсенді пайдаланушылар саны 1 миллионнан асты. Алайда әзірлеушілер жаппай хат алмасуға емес, сапа мен нақты салалық пайдалылыққа басымдық беріп отыр.
Тұсаукесердің басты ерекшелігі — кіріктірілген AI to You жасанды интеллектісі. Енді анықтама алу немесе бірдеңе білу үшін ЖИ-көмекшіге хабарлама жазу жеткілікті — жүйе қызметті өзі тауып, бәрін жинақтап, рәсімдеп береді. Осылайша, жасанды интеллектпен чат ХҚО-ға баруды алмастырады.
Сонымен қатар Aitu-да отбасылық немесе жұмыс қауымдастықтарына бірігуге, хабарламаларды қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударуға, ақшаны тікелей диалог ішінде аударуға және тек верификацияланған мемлекеттік органдар мен бизнестен қауіпсіз хабарламалар алуға болады.
Бұған дейін үкімет отырысы барысында BTS Digital компаниясының басшысы Мақсат Нүріденұлы ұлттық Aitu мессенджеріне 6,8 млн пайдаланушы тіркелгенін мәлімдеген. Платформаның айына белсенді аудиториясы 1 млн пайдаланушыны құрайды, ал мессенджерге күн сайын 100 мың адам кіреді.


