Astana International Exchange (AIX) биржасында 2026 жылдың қыркүйегіндегі сауда көлемі $560 млн-ға жетіп, Астана қор биржасының тарихындағы жаңа ең жоғары көрсеткіш болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

«Есепті кезеңде [2026 жылдың үшінші тоқсанында] биржа жоғары өсу қарқынын сақтап қалды: сауда көлемі $1,9 млрд-тан асып, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артты. Тек қыркүйекте ғана айлық сауда көлемі $560 млн-нан (250,2 млрд теңге) асып, AIX-тің жаңа тарихи максимумын орнатты және алдыңғы рекордты $150 млн-ға басып озды», – делінген таратылған хабарламада.

2026 жылдың үшінші тоқсанында AIX-те төрт валютада – АҚШ доллары, қазақстандық теңге, БАӘ дирхамы және қытай юані – жаңа борыштық құралдар шығарылымы өтті, сондай-ақ ерікті көміртегі бірліктерінің саудасы басталды.

«Біз негізгі нарықтарымызда тұрақты сұранысты байқап отырмыз, сонымен қатар юаньмен номинацияланған құралдарды, трансшекаралық белсенділікті және экологиялық активтерді қоса алғанда, жаңа өнімдерді дамытуды жалғастырудамыз. Қатар жетекші биржалармен және нарық институттарымен серіктестік арқылы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырдық», – деді AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова.

2026 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша биржаның ресми тізіміне 210 эмитенттің 436 бағалы қағазы енгізілген, оның ішінде үшінші тоқсанда 77 эмитенттің 126 құралы листингтен өтті.

Биржа құрылғаннан бері тартылған капитал (борыштық және акционерлік) $17,4 млрд болды, оның ішінде 2026 жылдың тоғыз айында $6 млрд. AIX-тің брокер-қатысушылары арқылы AIX CSD-де 2,4 млн-нан астам бөлшек инвестор шоты ашылған.

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылған. AIX акционерлері – ХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және AIX-тің сауда платформасын ұсынатын NASDAQ.

Биржа өз қызметін ағылшын құқығының қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық ортада жүзеге асырып, инвестициялық қызмет үшін сенімді жағдайларды қамтамасыз етеді.