Ақмола гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланына қарасты әскери бөлімге қатысты әскери қызметшінің талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Қазақстандық сот арқылы шекті жасқа толуына байланысты әскери қызметтен босату құқығын қорғап алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, талап қоюшы өзіне шекті жасқа толуына байланысты әскери қызметтен босату құқығын тануды, босатудан бас тартуды заңсыз деп тануды және әскери бөлімге тиісті әрекеттерді жасау міндетін жүктеуді сұраған.

Істі қарау барысында талап қоюшыға, «прапорщик» әскери атағында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшіге, жасалған келісімшарт талаптарына сілтеме жасай отырып, 45 жасқа толуына байланысты босатудан бас тартылғаны анықталды.

Іс материалдары мен тараптардың дәйектерін зерттей келе, сот талап қоюшының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабы 3-тармағының негізінде 45 жасқа толуына байланысты әскери қызметтен босатуға құқылы деген қорытындыға келді.

Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, босатудан бас тарту заңсыз деп танылды, әскери бөлімге талап қоюшының зейнетақы ісін қалыптастыру және одан әрі босатуды рәсімдеу үшін қажетті құжаттарды жіберу міндеті жүктелді. Сонымен қатар жауапкерден заң көмегіне ақы төлеу шығыстары өндіріліп алынды.

Сот шешімінің заңды күшіне енбегені атап өтілді.