Қостанай облысында полицейлер жергілікті тұрғынның жинақ ақшасын ұрланудан сақтап қалды. Әйел «домофон орнату» туралы қоңырауға сеніп, 4 млн теңгеден айырылуға шақ қалған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, домофонды ауыстыру туралы қарапайым қоңырау тұрғын үшін көп сатылы алаяқтыққа айналған. Алайда банк қызметкерлерінің сақтығы мен полицейлердің жедел әрекеті оның жинақ ақшасын сақтап қалуға көмектесті.

Бейтаныс адамдар әйелге жаңа домофон орнату үшін хабарласып, SMS-кодты алдап алып кеткен.

Кейін онымен eGov және Қаржылық мониторинг агенттігінің жалған қызметкерлері байланысқан. Олар әйелдің атына дәл қазір 2 млн теңгеге кредит рәсімделіп жатқанын айтқан.

«Қарызды жою» және жинақ ақшасын қорғау үшін әйелді барлық ақшаны дереу шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Күйзеліске түскен әйел депозиттен 4 млн теңге шешіп алып, оны алаяқтарға жіберуге әзірленген.

Алайда банк қызметкерлері оның мазасыз күйін байқап, операцияны тоқтатып, полиция шақырған. Келген киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әйелге алдау схемасын уақытында түсіндіріп, ақша аударылуының алдын алды.