Ақмола облысы Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарақшылық шабуыл туралы қылмыстық істі кассациялық саты қайта қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасында атап өтілгендей, қарақшылық деп өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданумен не осындай күш қолдану қатерімен ұштасқан, мүлікті иемдену мақсатындағы шабуыл танылады.

Алайда Ақмола облысындағы істердің бірінде үш ер адам тонау үшін сотталған. Олар түнде бетперде киіп тұрғын үйге кіріп, жәбірленушілерге дене күшін қолданған және аң мылтығының кесілген ұңғысымен қорқытып, ақша мен құнды заттарды беруді талап еткен.

Салдарынан қылмыскерлер 4 млн теңгеден астам сомаға мүлікті иемденіп, жәбірленушілердің бірін байлап, үйде болған адамдарды жертөлеге қамаған.

«Бас прокуратура сотталғандардың әрекеттерін тонау деп саралаудың дұрыс еместігіне назар аударып, кассациялық наразылық келтірді. Жәбірленушілер қарумен қорқытуды нақты әрі өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қабылдаған. Атыс болмауы немесе қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің өзі қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды», — деп түсіндірді қадағалау органында.

Кассациялық сот прокуратураның дәйектерімен келісіп, сот актілерін жойды және қылмыстық істі жаңадан қарауға жіберді.

«Тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек нақты басталған салдар ғана емес, шабуылдың сипаты, қолданылған күш және жәбірленуші үшін қатердің нақтылығы да ескеріледі», — деп қосты Бас прокуратурада.

Еске салайық, 2025 жылдың шілде айының ортасында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған. Айтуларынша, бетперде киген екі белгісіз адам жеке үйге кірген, сол кезде үйде қожайынның отбасы болған. Барлығын жертөлеге қамап, үй-жайды тінте бастаған. Олжаға ақша, зергерлік бұйымдар және қылмыскерлер оқиға орнынан белгісіз бағытта ізін суытқан автокөлік түскен.

Кейін үш күдіктінің ұсталғаны белгілі болды.

Осы жылдың қаңтарында Астрахан аудандық соты ер адамдарға қатысты үйге заңсыз кіріп, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде тонау және автокөлікті айдап әкету бойынша айып тағылған қылмыстық істі қарады (ҚК 191-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтары, 200-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы). Сот үкімімен Тараз тұрғыны басқа үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімін қосу арқылы ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Шымкент тұрғынына да басқа үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімін қосу арқылы ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы бір Тараз тұрғыны орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталған екі адамның әрекеттерінде қылмыстың қауіпті рецидиві танылды.

Астрахан ауданы мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, қазір Мейрам Қожахмет мәслихат хатшысы қызметін атқарады.