Жыл басынан бері Қазақстанда су нысандарының маңында заңбұзушылықпен салынған 18 құрылыс бұзылып, соттар салған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 12,7 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің түсіндіруінше, сөз жер үсті су нысандарында, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс салуға қарсы күрес туралы болып отыр. Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бассейндік инспекциялары жыл басынан бері осындай 18 фактіні анықтады.

Анықталған әрбір жағдай бойынша әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде жалпы сомасы 12,7 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салу және заңсыз салынып жатқан немесе салынып қойған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы 18 сот шешімі шықты.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров бассейндік инспекциялардың су заңнамасының талаптарын сақтауға тұрақты түрде тексеру жүргізіп отыратынын атап өтті. Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған «суға деген қара нарыққа» қарсы күрес жөніндегі Жол картасы аясында іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оның айтуынша, былтыр қабылданған Су кодексі бассейндік инспекторлардың өкілеттігін кеңейтіп, су нысандарын қорғауға қатысты нақты талаптарды белгіледі.

Ведомствода бөлек атап өткендей, 20 қазанда Алматыда өзендер, көлдер және басқа да су қоймаларының маңында құрылыс салуға және бірқатар жұмысқа қатысты жаңа шектеулер күшіне енді.