Өткен тәулікте Ақмола облысында бірден алты табиғи өрт болып, олар Біржан сал, Целиноград, Атбасар, Ақкөл, Шортанды және Жақсы аудандарының аумағын шарпыды. Жалпы алаңы 67 гектар құрғақ шөпті қамтыған өрттер туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Құтқарушылар мен орманшылар өртке жедел әрекет етіп, басты мақсат — жалынның елді мекендерге таралуына жол бермеу болды. Сөндіруге ТЖД бөлімшелері, жергілікті әкімдіктер, сондай-ақ Мариновка ауылының «Ауыл құтқарушылары», «Степногорск» орман шаруашылығы және «Кенес» орман шаруашылығы мекемесінің күштері жұмылдырылды.

Үйлесімді іс-қимылдың арқасында барлық өрт ошақтары жойылып, тұрғындар мен инфрақұрылымға ешқандай қауіп төнген жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің себебі — отпен абайсыз қарау. Осыған байланысты Ақмола облысы ТЖД тұрғындар мен қонақтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, төтенше жағдай туындағанда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарлау қажеттігін ескертеді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы орман өртін тікұшақпен 100 рет су төгіп қана оқшаулау мүмкін болғаны хабарланған. Сондай-ақ Экология министрлігі бір апта ішінде 50-ге жуық орман өрті болғанын, олардың барлығы уақытылы оқшауланып, жойылғанын атап өткен.