Ақмола облысында ұйымдасқан қылмыс тобының қызметі туралы резонанстық қылмыстық істі қарау аяқталды. Олардың мүшелері шамамен 2 млрд теңгеге заңсыз несие рәсімдеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, биыл мамандандырылған прокурорлар аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыс тобының 21 мүшесіне қатысты тергеуді аяқтаған.

Тергеу барысында анықталғандай, қылмыскерлер азаматтарды алдап, олардың жеке деректерін пайдаланып, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгені құраған.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен барлық 21 айыпталушы кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, қылмыстық жолмен сатып алынған мүлік, оның ішінде Алматыдағы пәтерлер, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry және басқа да қымбат көліктер мемлекет кірісіне алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін осы сотта несие рәсімдеу мақсатында адамдарды ұрлау айыптары қаралған болатын. Айыпталушыларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы сұралған еді.