Көкшетауда полицейлер зергерлік бұйымдар мен құнды заттары бар сөмкенің ұрлануын анықтады. Келтірілген шығын шамамен 3,5 млн теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 70 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Әйел Абылай хан даңғылындағы үй ауласында демалғаннан кейін сөмкесін орындықта ұмытып қалғанын, біраз уақыттан соң қайтып келгенде заттары жоғалып кеткенін хабарлаған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 3 миллион 470 мың теңгені құрады.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының, сондай-ақ қылмыс жасалған аудандағы тұрғын үйлерге, сауда нысандарына және өзге де ұйымдарға орнатылған камералардың жазбаларын алып, мұқият зерделеді. Бейнежазбаларды талдау жәбірленуші сөмкені орындықта қалдырғаннан кейінгі оқиғалардың ретін анықтауға, сондай-ақ затты тауып алған әйелдің белгілерін айқындауға мүмкіндік берді.
Ол қараусыз қалған заттарды байқап, біраз уақыт иесінің келуін күткен. Кейін әйел сөмкені алып кеткен, алайда оны полицияға өткізбеген. Оның айтуынша, үйге бара жатқанда сөмкедегі ұялы телефонды, қол сағатын және зергерлік бұйымдарды алып, сөмкені тастап кеткен.
Келесі күні қаржылық қиындықтарға тап болған күдікті тапқан алтын сақиналарының бірін ломбардқа өткізіп, 150 мың теңге алған. Түскен ақшаны азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсаған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.


