2025 жылы Қазақстанда қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша 140 қылмыстық іс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 84%-ға артық, деп хабарлайды infohub.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) дерегінше, істер санының өсуі қылмыстың көбеюімен емес, қаржы барлауының күшеюімен және аналитикалық құралдардың жетілдірілуімен байланысты. Ranking.kz зерттеуінің авторларының айтуынша, бұл күрделі қаржылық схемаларды тиімдірек анықтауға мүмкіндік береді.

Қылмыстық кірістердің негізгі көзі алаяқтық болып қалуда — ол анықталған жағдайлардың 31%-ын құрайды. Одан кейін қаржы пирамидалары (18%), мүлікті иемденіп алу немесе жымқыру және заңсыз кәсіпкерлік (екеуі де 13%), сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құру (11%). Осы бес санатқа барлық заңдастыру фактілерінің 86%-ы тиесілі.

Заңдастырудың ең көп таралған тәсілдері: сенімді тұлғалар мен жалған компанияларды пайдалану (64%), жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу (62%), сондай-ақ банк құралдары (24%). Сонымен қатар жиі аралас схемалар қолданылады: мысалы, қаражат алдымен бақылаудағы компанияның шоттары арқылы өткізіледі, содан кейін жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалады, ал сатылғаннан кейін мүлік ресми түрде заңды активке айналады.

Дәстүрлі әдістерден басқа, криптовалюта, инвестициялық жобалар, бағалы қағаздармен операциялар және ойын бизнесі жиі қолданылуда. Зерттеушілердің атап өтуінше, цифрлық активтер дәстүрлі банк инфрақұрылымынсыз елдер арасында қаражатты жылдам аударудың ыңғайлы тәсіліне айналып келеді.