11 тамыз кешінде Ақтау тұрғындары әскери Су-27 ұшағы мен ұшқышсыз ұшу аппаратының ұшып өткенін көрді. Куәгерлер болған оқиғаны бейнеге түсіріп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Айта кетейік, Су-27 ұшағы сол күні кешке қала аспанында байқалған. Сонымен қатар, Ақшұқыр ауылының үстінен ұшқышсыз ұшу аппараты көрінген. Куәгерлердің айтуынша, БПЛА әуежай жағынан Ақтау бағытына ұшқан.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бұған дейін азаматтарға 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетінін хабарлағанын түсіндірді. Оқу-жаттығуға дайындық аясында ел аумағында қару-жарақ, әскери техника және жеке құрамды әскери дайындық іс-шаралары өтетін аудандарға жылжыту жүзеге асырылуда.
Әскерді тасымалдау аралас тәсілмен – теміржол эшелондарымен, жалпы пайдаланымдағы жолдармен автомобиль колонналарымен, сондай-ақ армия авиациясын пайдалану арқылы жүргізіледі. Оқу-жаттығу кешенді сипатқа ие және Қазақстанның бүкіл аумағындағы оқу полигондарын қамтиды. Маневрлер кезінде әскерилер құрлықта, әуе кеңістігінде, теңізде және киберкеңістікте әскерді қолдану және аралық өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтайды.
«Өткізіліп жатқан іс-шаралар жоспарлы сипатта және әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығын арттыруға, әскери басқару органдарының өзара іс-қимылын жетілдіруге және Қарулы күштерді қолданудың заманауи тәсілдерін пысықтауға бағытталған», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты тұрғындарды сабыр сақтауға, ресми ақпаратқа сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды. Ведомство әдейі жалған ақпарат пен расталмаған мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін де еске салды.


