Ақтау билігі Каспий теңізінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қала күніне арналған барлық мерекелік шараларды тоқтатқанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Тиісті мәлімдемені қала әкімдігі Instagram-дағы ресми парақшасында жариялады. Тоқтатылған шаралар қатарында «Амфитеатр» алаңында жоспарланған салтанаттар бар.

«Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу барысында болған қайғылы оқиғаға байланысты Ақтаудағы "Амфитеатр" алаңында 2026 жылдың 25-27 қыркүйегіне жоспарланған мерекелік шаралар өткізілмейді», — делінген әкімдік хабарламасында.

Атап айтқанда, 25 қыркүйекке белгіленген «Каспий — достық теңізі» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы өтпейді. Сондай-ақ 27 қыркүйекте өтуі тиіс фестиваль-байқаудың жабылу салтанаты мен Ақтау қаласының күніне арналған мерекелік гала-концерт те тоқтатылды.

«Қала әкімдігі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады», — деді қала әкімшілігінде.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкетті.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала деректері бойынша теңізге 19 әскери қызметші түскен. Қазіргі таңда олардың 9-ының қаза тапқаны расталды.

Бас прокуратура Ақтау гарнизонында әскери қызметшілердің қаза табуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысындағы төтенше оқиға орнынан видео жариялады.

Оқиғадан кейін үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу жөнінде тапсырмалар берді.