Маңғыстау облысында екі күдікті ұсталып, олардан ірі көлемдегі ақша қаражаты мен 100 грамнан астам апиын тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда Маңғыстау облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен екі күдіктіні ұстаған.

Бірінші күдіктінің автокөлігін қарап тексеру кезінде полицейлер 600 мың теңге тауып, тәркілеген. Кейін екінші күдікті ұсталып, оның көлігінен 480 мың теңге табылған.

Ақтаудағы жалдамалы пәтерді тінту кезінде жалпы салмағы 100,8 грамм апиын есірткі заты бар 10 орама және полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сондай-ақ электронды таразы, есірткі дайындауға және тұтынуға арналған құралдар мен 670 мың теңге алынды.

Медициналық куәландыру екі ұсталған адамның да есірткілік масаң күйде екенін анықтады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер Ақтау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу жалғасуда.