Ақтөбеде жылжымайтын мүлік сатып алуға байланысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, оның әрекетінен Қосшы қаласының кемінде екі тұрғыны зардап шеккен, жалпы шығын 22 млн теңгені құраған, деп хабарлайды infohub.kz.

Тергеу нұсқасы бойынша, әйел пәтер сатып алуды желеу етіп, азаматтардан 14 млн және 8 млн теңге алған, содан кейін ізін суытқан. Шілде айында ол іздеу жарияланған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің Ақтөбеде екенін анықтады. Жергілікті әріптестердің көмегімен ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп хабарлады Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.

Ұсталғаннан кейін әйелдің Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істегені белгілі болды. Қазір құқық қорғау органдары оның жұмысқа орналасу мән-жайларын және жұмысқа қабылдау кезінде ұсынған құжаттарының түпнұсқалығын тексеріп жатыр.

Сондай-ақ тергеу жалған құжаттар мен анықтамаларды пайдалану мүмкіндігін қарастыруда.

Бұған дейін «Курсив» ҚР ІІМ жасанды интеллектті қолданатын алаяқтық туралы ескерткенін жазған болатын. Қылмыскерлер туыстарының немесе таныстарының дауысы мен келбетін бұрмалап, адамды шұғыл түрде ақша аударуға сендіруі мүмкін. Полиция мұндай өтініштерді қайта тексеруді, жақындарыңызға өздеріңіз қоңырау шалуды және банк карталарының деректерін, SMS-кодтар мен парольдерді хабарламауды ұсынады.