Ақтөбеде Қазақстандағы тұңғыш мультибрендтік KAMAZ сервис орталығының құрылысы басталды. Нысан Оңтүстік айналма жолдың бойында орналасып, ауыр және арнайы техникаға қызмет көрсетуге бағытталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі 3,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда өңірде 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Бекітілген жоспарға сәйкес, сервис орталығының қуаты жылына 5 мыңға дейін операция жасауға мүмкіндік береді. Жоба бастамашысының мәліметінше, нысан Қазақстандағы осындай гибридтік форматтағы алғашқы сервис орталығы болады.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов құрылыс алаңына барып, инвесторлардың назарын жұмыстың сапалы орындалуы қажеттігіне аударды.

«Кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау — біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жұмысты тоқтатпай, жобаны белгіленген мерзімде аяқтау маңызды», — деді Абзал Әбдікәрімов сапар барысында.

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми хабарламасында жобаның нақты заңды тұлғасы немесе иесі ашылмады.

«КАМАЗ» ААҚ — ауыр жүк көліктерін шығаратын ресейлік өндіруші. Ең ірі үлескер — кәсіпорын акцияларының 47,1%-ы тиесілі ресейлік «Ростех» мемлекеттік корпорациясы. Қазақстанда бренд тарихи түрде «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ құрастыру кәсіпорны (Көкшетау қаласында техника шығару) және KamLitKZ зауыты (жүк көліктеріне шойын құю өнімін шығару) арқылы танылған.

Бұған дейін қазақстандық құрастыру кәсіпорнының құрылтайшылары ресейлік «КАМАЗ» ААҚ (бақылау пакеті) және «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы болған. Алайда 2025 жылдың соңында ресейлік автоконцерн бизнесті қайта құрылымдау және санкциялық тәуекелдерді азайту аясында қазақстандық «еншілес» компаниясының ірі тікелей үлескерлері қатарынан шығып, активтерді жеке құрылымдарға берді.