Ақтөбеде полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз айналымға түсірді деп күдіктелген адамдардың әрекетін тоқтатты: бір үй қожалығының шатырын тінту барысында 25 килограмнан астам марихуана табылып, қаланың үш тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, Ақтөбе тұрғындарының үшеуін ұстау жедел-іздестіру шараларының нәтижесі болды.
Бір үй қожалығын қызметтік иттің көмегімен тінту кезінде шатырдан көлемі 50 және 25 литр екі бөшке табылып, алынды. Олардың ішінде өсімдік тектес зат болған.
Сот-сараптама зерттеуінің қорытындысына сәйкес, алынған зат есірткі құралы — марихуана. Жалпы салмағы 25 килограмнан асты.
Сонымен қатар полицейлер тағы бір ұсталған адамның тұрғылықты жерінен есірткі болуы мүмкін зат салынған пакетті, сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолдануға арналған құралдарды тауып, алды.
Алдын ала деректерге қарағанда, үш ер адам да ұсталған сәтте есірткі масаң күйінде болған.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ есірткі заттарының келу және таралу арналары анықталуда.


