Ақтөбеде кәсіпорын басшысы қауіпті мұнай қалдықтарын заңсыз өңдегені үшін сотталды: 393 млн теңге кіріс мемлекет пайдасына өндірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Ақтөбе облысының табиғатты қорғау прокуратурасы «ЖАН-АМИ и К» ЖШС-нің заңсыз қызметін тоқтатты.
«Тексеру барысында 2024-2025 жылдары кәсіпорын қажетті мемлекеттік лицензиясыз 1 400 тоннадан астам қауіпті мұнай қалдықтарын өңдегені анықталды. Заңсыз қызметтің салдарынан серіктестік 393 млн теңге кіріс тапты», — деді Бас прокуратурада.
Қадағалау органының материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, оны экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді.
Ағымдағы жылғы 17 тамызда Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен ЖШС директоры Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында (Заңсыз кәсіпкерлік) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған мүлкі тәркілене отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Амнистия туралы заңның негізінде сотталған адам негізгі жазадан босатылды. Сонымен қатар заңсыз алынған 393 млн теңге кіріс мемлекет пайдасына өндірілді.
Сот үкімі апелляциялық сатыда өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.


