Өткен қыста қарағандылық полицейлер 13 мыңнан астам автокөлікті ілесіп өткізген, ал жаңа маусымға дайындық алғашқы қатты қар жауардан бұрын басталды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясымен бірлесіп республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының жай-күйін тексереді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен қыс мезгілінде ауа райының күрт нашарлауы мен жолдардың жабылуы жүргізушілерді жолда тоқтауға бірнеше рет мәжбүр еткен. Адамдардың межелі жерге жетуіне көмектесу үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 37 рет автокөлік колонналарын ілесіп өткізуді ұйымдастырды. Қолданылған шаралардың арқасында 13 мыңнан астам көлік қауіпсіз жағдайда қозғалысын жалғастыра алды.
Биыл полицейлер алғашқы қатты қар жаууын күтпеуді жөн көрді. Қараша айының басынан бері 57 тексеріс жүргізілді. Полицейлер жол төсемінің жалпы жай-күйіне ғана емес, инфрақұрылымның қар жаууы мен көктайғаққа дайындығына да назар аударады.
Атап айтқанда, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы қиындайтын тік өрлеулерде құмның болуы, сондай-ақ қар басу қаупі жоғары учаскелерде қар ұстағыш құрылғылардың орнатылуы тексеріледі.
Тексеріс қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға 31 нұсқама берілді, жол қызметтеріне қатысты 8 әкімшілік іс қозғалды.
«Тексерістердің міндеті — күрделі ауа райы жағдайлары басталғанға дейін, трассаларда кептеліс пайда болып, көліктер қарға қамалып қалған кезде емес, проблемалық учаскелерді анықтау. Біз қар ұстағыш құрылғыларды қай жерде орнату қажеттігін, қай өрлеулерде құмды алдын ала дайындау керектігін және қандай кемшіліктерді жою қажеттігін тексереміз. Анықталған барлық мәселе жауапты ұйымдарға жеткізіледі», — деді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.
Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов қыста патрульдік қызметтің жұмысы жол қозғалысын бақылаумен шектелмейтінін атап өтті. Күрделі ауа райы жағдайында полицейлер автокөліктерді ілесіп өткізіп, жүргізушілерге көмектеседі және трассалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
«Қыс біздің батальон үшін ең қарбалас кезеңдердің бірі. Әрбір жабылған трассаның артында үйіне, туыстарына немесе жұмысына жетуі қажет адамдар тұр. Тек өткен қыста біз 37 рет ілесіп өткізуді ұйымдастырдық, 13 мыңнан астам автокөлік көмек алды. Сондықтан қазір проблемалық учаскелерді алдын ала анықтап, жол қызметтерінің дайындығын тексеріп, барлық қажетті шараларды қолдану маңызды. Біздің мақсатымыз — жүргізушілердің ауа райының қолайсыздығымен бетпе-бет қалмауын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Медет Нұрмұханов.
Полиция қыста жол жағдайы бірнеше минут ішінде өзгеруі мүмкін екенін еске салды. Жүргізушілерге ауа райы болжамын және трассалардың жабылуы туралы хабарламаларды қадағалауды, ауа райы нашарлаған кезде қажеттілік болмаса алыс жолға шықпауды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады.


