Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті есірткі сататын интернет-дүкеннің мүддесіне төлем қабылдап, ақша аударымын жүргізген болжамды қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тергеу деректеріне сәйкес, Ақтөбе тұрғыны әлеуметтік желілерде айырбастау тобын құрып, оның жұмысына жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерді бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен тәулік бойы төлем өңдеуді жолға қойған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында айтылған.

Ведомство нақтылағандай, интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды тапсырыс төлеу үшін айырбастау пунктіне жіберіп отырған. Төлем расталған соң сатып алушыларға есірткі заттары салынған тайник-закладкалардың координаттары хабарланған.

Айырбастау пункті арқылы күн сайын 50-ден 70-ке дейін төлем операциясы жүргізілген. Ақша қабылдау үшін үшінші тұлғаларға — дропперлерге рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған.

Кейін алынған қаражат криптовалютаға айырбасталып, наркобизнестің кураторлары бақылайтын әмияндарға аударылған.

Аударымдардың жалпы сомасы 918 мың USDT (Tether) асып, бұл 400 млн теңгеден астамға тең.

Схеманы ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.