Жамбыл облысында жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол алимент бойынша 3,2 млн теңге көлеміндегі берешегін бірден өтеді. Бұл туралы infohub.kz сайты Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалау органының ресми Telegram-арнасында атап өтілгендей, Талас ауданының прокуратурасы қадағалау қызметі барысында жергілікті тұрғынның кәмелетке толмаған баласын асырау жөніндегі алименттік міндеттемелерін ұзақ уақыт бойы орындамағанын анықтады.
2023 жылдан бері алимент бойынша берешек 3,2 млн теңгеге жеткені белгілі болды. Борышкердің өзіне жүктелген міндеттемелерді орындау мүмкіндігі болғанымен, берешекті өтеу жөнінде ешқандай шара қолданбаған.
Аудан прокуратурасының бастамасымен ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеп-тексеру барысында борышкер кінәсін мойындап, жасағанына өкінді, берешегін толық өтеді және бұдан былай алименттік міндеттемелерін тиісті түрде орындауға міндеттенді. Рақымшылық актісін қолдануға байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен тағы бір алимент борышкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Берешекті толық өтеуге және жәбірленуші тараппен татуласуға байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Бұған қоса, атқарушылық құжаттардың талаптарын орындамағаны үшін 14 борышкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 8-і қамауға алынып, 6-сына айыппұл салынды.


