Ақтөбе облысында жергілікті тұрғынға қатысты үкім шықты. Ол Шалқардың экс-әкіміне 8 млн теңгеге ақталу үкімін шығарып беремін деп уәде беріп, алдап кеткен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, полицияға бұрынғы Шалқар қаласының әкімі арызданған. Ол бұған дейін 4 жылға бас бостандығы шектелген еді. Ол үкіммен келіспегендіктен, көмектесе алатын адамдарды іздеген. Туысы оған заң көмегін көрсете алатын әйел адвокат Қаламқас С.-ны ұсынған. Ол әкесімен бірге оның үйіне барып, адвокат ақталу үкіміне қол жеткізуге уәде беріп, қызметі үшін 8 млн теңге сұраған. Ол соманың жартысын берген, бір аптадан кейін адвокат мәселе шешіліп жатқанын, оң шешім шыққанда қалған ақшаны төлеу керектігін айтқан. Алайда мәселе шешілмеген, ер адам ақталмаған.

Басылымда атап өтілгендей, бұрынғы әкім онымен келісімшарт жасамаған және ақшаны түбіртексіз берген. Ал адвокат 4 млн теңгені қарызға алғанын айтқан. Оның қылмыстық ісінде пәтер алаяқтығы эпизодтары да болған, бірақ бұл жолы ол сыбайласымен бірге әрекет еткен.

Соңында іс айыптау үкімімен аяқталған. 54 жастағы Қаламқас С. алаяқтығы үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, үкім жарияланғаннан кейін бірден қамауға алынды. Оның сыбайласы Ақбота Т. да 6 жылға сотталды, бірақ кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазасын өтеу үш жылға кейінге шегерілді. Сот сотталғандарды зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеуге міндеттеді.