Ақтөбедегі жасырын онлайн-казино қызметінен түскен 100 миллион теңгеден астам қаражат кассациялық соттың шешімімен мемлекет кірісіне айналдырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Кассациялық соттардың өзекті жаңалықтары» Telegram-арнасында атап өтілгендей, жұмыс схемасы мессенджер арқылы құрылған: ойыншылар кассирмен байланысып, көрсетілген деректемелер бойынша ақша аударып, түбіртектерін жіберіп отырған. Ойын шоты толықтырылған соң оларға рулетка, покер және лотоға қолжетімділік ашылып, ұтыстарын алу үшін қайтадан сол кассирге жүгінген.

2024 жылдың наурызынан қарашасына дейін үшінші тұлғалардың үш банк шотына 100 миллион теңгеден астам қаражат түскен.

Бірінші сатыдағы сот екі адамды аса ірі мөлшерде кіріс таба отырып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деп кінәлі деп таныды (Қылмыстық кодекстің 307-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы). Әрқайсысына мүлкі тәркілене отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Кассациялық шағымдарда қорғаушылар бір сотталғанның әрекетін қайта саралауды және оған бас бостандығынан айырмай жаза тағайындауды, ал екінші сотталғанды қылмыс құрамы болмағандықтан ақтауды сұраған. Қорғаныс тарапы кіріс мөлшері мен кінәнің дәлелдену жеткіліктілігіне дау айтты.

Кассациялық наразылықта прокурор казино кірісін мемлекет кірісіне айналдыруды сұраған.

Кассациялық сот банк үзінділерін, ойыншылардың жауаптарын және хат алмасуды салыстырып қарады. Сотталған адам бөтен шоттар арқылы бәс қабылдауды және ұтыс төлеуді ұйымдастырып, казино жұмысын қамтамасыз еткені анықталды. Екінші сотталғанның телефонындағы хат алмасу мен түбіртектер оның есеп айырысуға қатысқанын растады. Жүйелі бірлескен жұмыс пен міндеттердің бөлінуі алдын ала сөз байласуды дәлелдеді.

Кірісті анықтау кезінде сот ойын бизнесінен түскен барлық соманы ескерді. Жоғарғы соттың түсіндірмесіне сәйкес, заңсыз қызметке жұмсалған шығыстар кірістен шегерілмейді. Жергілікті соттар кіріс сомасын анықтағанымен, оны тәркілеу мәселесін шешпеген.

Кассациялық сот наразылықты қанағаттандырып, Қылмыстық кодекстің 48-бабының 3-бөлігі талап еткендей, 100 миллион теңгені мемлекет кірісіне өндіріп алды. Қалған бөлігінде сот актілері өзгеріссіз қалдырылды.