Түркістан облысындағы Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық жабдық сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқырғаны және қылмыстық кірісті заңдастырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, бұл факті бойынша тергеу аяқталған. Бұрынғы бас дәрігер кәсіпкермен бірлесіп, реанимациядағы науқастарға көмек көрсетуге қажетті медициналық оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Схеманы жүзеге асыру үшін бірыңғай медициналық кешенді жекелеген тауарларға жасанды түрде бөліп, оларды өз бақылауындағы компаниялар арқылы асыра бағамен сатып алуды рәсімдеген. Алайда жабдықты іс жүзінде басқа ұйым жеткізіп, орнатқан.

Салдарынан мемлекетке 117 млн теңге көлемінде шығын келген. Қылмыстық кірістің бір бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алып, оны туысының атына рәсімдеу арқылы заңдастырылған.

Сот үкімімен бұрынғы бас дәрігер 8 жылға, кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекет пайдасына астанадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енбегені атап өтілді.