Ақтөбе облысындағы ірі өртті сөндіруге жүзден астам адам, ұшқышсыз ұшу аппараты және Starlink жабдығы жұмылдырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кеше Қарғалы ауданының Ащылысай ауылдық округінде құрғақ шөп өртенді. Қатты желдің салдарынан жалын тез тарап, шамамен 83 гектар аумақты шалды.
ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіруге министрліктің күші мен құралдары, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері, ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері, ерікті өрт сөндіру құрамалары және орман шаруашылығы қызметкерлері тартылды. Барлығы шамамен 110 адам мен 20-дан астам техника жұмыс істеді.
Ведомствоның айтуынша, жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылды, ал Starlink жабдығы жұмысқа қатысушылар арасында жедел байланысты қамтамасыз етті.
Өрт толығымен сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. ТЖМ табиғи алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады: өрт қауіпті кезеңде от жағуға және құрғақ өсімдіктердің тұтануына әкелуі мүмкін әрекеттерге тыйым салынады.


