Ақтөбеде азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген екі бөлмелі пәтерден отбасын көшіру туралы істі апелляциялық тәртіппен қайта қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтөбе облысы соттарының ресми Telegram-арнасында көрсетілгендей, талапты мемлекеттік мекеме мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерден отбасы мүшелерін көшіру туралы қойған.

Іс материалдарына сәйкес, 2009 жылы жауапкерге жетім балалар санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан екі бөлмелі пәтер берілген. Онымен бірге пәтерде оның екі ағасы тұрған. Кейін жасалған жалдау шартында ағалары отбасы мүшелері ретінде көрсетілген.

Жалдау шартының мерзімі аяқталған соң Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі жауапкерді, оның жұбайы мен ағасын кәмелетке толмаған балаларымен бірге басқа тұрғын үй бермей көшіру туралы сотқа талап қойды.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен отбасын пәтерден көшіру туралы талап қанағаттандырылды. Шешіммен келіспеген жауапкерлер апелляциялық шағым түсірді.

Жауапкер әрекетке қабілетсіз деп танылған ағасының тұрғын үй құқықтары ескерілмегенін, оның басқа тұрғын үйі жоқ екенін айтты.

Істі қайта қараған сот алқасы әрекетке қабілетсіз азаматтың құқықтық жағдайына тиісті баға берді. Атап айтқанда, 2006 жылы сот шешімімен ол әрекетке қабілетсіз деп танылған және бала кезінен II топ мүгедегі. 2009 жылдан бері ол мемлекеттік тұрғын үйде отбасы мүшесі ретінде тұрып келеді. Бұл мәртебе 2017 жылы қайта жасалған жалдау шартында да сақталған. Сонымен қатар оның меншігінде басқа тұрғын үй бар екені анықталмады. Жалдаушының жұбайы басқа тұрғын үй сатып алуы оның әрекетке қабілетсіз ағасының тұрғын үйді пайдалану құқығын автоматты түрде тоқтатпайды. Әрбір жауапкердің құқықтық жағдайы жеке қаралуға тиіс.

Осылайша, апелляциялық сот әрекетке қабілетсіз азаматты басқа тұрғын үй бермей көшіруге істе заңды негіз жоқ деген қорытындыға келді.

Апелляциялық соттың қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілді: әрекетке қабілетсіз ағаны тұрғын үйден көшіру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартылып, оның пәтерді пайдалану құқығы сақталды. Сот шешімі әпкесі мен оның жұбайын көшіру бөлігінде өзгеріссіз қалдырылды.