Ақтөбеде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қаладағы түнгі клубтардың бірінде жедел тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушылық фактілері анықталып, тыйым салынған заттар алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, прокуратураның үйлестіруімен тінту іс-шаралары жүргізілді. Клуб үй-жайынан, атап айтқанда ерлер дәретханасынан есірткіге ұқсас заттары бар үш орама табылып, алынды. Сонымен қатар, металл кастет пен екі қатпарлы пышақ тәркіленді.

Бар сөресінің жанынан төрт кальян табылды. Сондай-ақ, тексеру кезінде клубта 2009 жылы туған кәмелетке толмаған бала болғаны анықталды, бұл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына заңдық тыйым салуды бұзу болып табылады.

Анықталған фактілер бойынша мекеме әкімшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болуына жол беру), 441-бабының 1-бөлігі (темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекіні тұтынуға тыйым салуды бұзу) және 200-бабының 1-бөлігі (алкоголь өнімін өткізу саласындағы ҚР заңнамасы талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.

Сонымен қатар, тексеру мекеме күзетшілерінің еңбек шарттарын жасаспай жұмыс істегенін көрсетті. Полиция бөліміне 17 адам жеткізілді.

Алынған заттардың құрамы мен есірткіге немесе өзге де айналымы тыйым салынған заттарға жататынын анықтау үшін сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтауға, сондай-ақ ықтимал құқыққа қарсы әрекеттерді құжаттандыруға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Сараптамалар мен тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатысы бар адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.