Ақтөбедегі ондаған тұрғын шетелге демалысқа ұша алмай қалды: тур ақысын төлегеннен кейін компания байланысқа шықпай қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Туристер келтірілген шығын миллиондаған теңгені құрайтынын айтады. Ақтөбеліктер демалыстарын Түркияда, Мысырда және Грузияда өткізуді жоспарлаған еді, бірақ соңында үйде қалды.
«Біз 5-тен 13 тамызға дейін, жеті күнге Анталияға тур сатып алдық. Ұшу Алматыдан болды. Біз отбасымызбен Алматыға келдік, бізге билеттерді жібереміз деп уәде берді. Бірақ ұшуға бір күн қалғанда кенеттен турымыздың күші жойылғанын хабарлады. Мен фирмаға шамамен 2 миллион теңге төледім», — деп ашуланды Асылбек Дүйсенбеков.
Турфирманы клиенттерге достары мен таныстары ұсынған. Олардың көбі бұрын оның қызметін пайдаланып, шетелге сәтті сапар шеккен.
Зардап шеккендердің айтуынша, алдымен менеджерлер кездесулерді кейінге шегеріп, сапар мәселелерін шешеміз деп уәде берген, кейін мүлдем қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей қойған.
Қазір зардап шеккендер бірігіп, полицияға арыз беруде. Турфирмаға алғашқы өтініш 6 тамызда түскен, ал бүгінгі күні ресми түрде 17 адам арыз берген. Компанияның иесі, кейбіреулер оны жеке білетін, қазір қайда жүргенін полиция анықтап жатыр.
«Полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Сондай-ақ, жеке басы анықталған күдіктінің орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», — деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


