Ақтөбеде туристік компанияның ондаған клиенті жолдама ақысын төлегеннен кейін демалысқа ұша алмағанын мәлімдеді. Зардап шеккендердің айтуынша, компания байланысқа шығуды тоқтатқан, ал жалпы шығын көлемі 219 млн теңгеге жетуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зардап шеккендердің бірі Динара Қатан чектер мен өзге де растайтын құжаттарды жинағанын айтты. «Жалпы шығын көлемі – 219 миллион. Бізде тізім, чектер – бәрі бар. Барлығы арыз жазды. Біздің талабымыз – бәрі заңды болуы және ақшамызды қайтаруы», – деді ол.

Тағы бір клиент Асылбек Дүйсенбеков 5-13 тамыз аралығында Анталияға отбасылық тур сатып алғанын хабарлады. Ұшу Алматыдан жүзеге асуы керек еді. «Біз отбасымызбен Алматыға келдік, билеттерді жібереміз деп уәде берді. Бірақ ұшудан бір күн бұрын турымыздың күші жойылғанын хабарлады. Мен компанияға шамамен 2 млн теңге төледім», – деді ол.

Клиенттердің сөзінше, олар Түркия, Мысыр және Грузияда демалысты жоспарлаған. Кейбіреулері бұған дейін осы компанияның қызметін пайдаланып, шетелге сәтті сапарлаған, сондықтан таныстарының ұсынысымен тағы да осы компанияға жүгінген.

Туристердің бір бөлігі жолдамаларды бөліп төлеу арқылы рәсімдеп, қазір сапар өтпегеніне қарамастан қарызды төлеуді жалғастыруда. Сонымен қатар, көпшілігі халықаралық рейстер жоспарланған Алматыға дейінгі жол ақысын өз бетінше төлеген.

Зардап шеккендер алдымен компания қызметкерлері кездесулерді кейінге шегеріп, сапар мәселесін шешеміз деп уәде бергенін, алайда кейін қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруді тоқтатқанын айтады.

Полицияға алғашқы арыз 6 тамызда түскен. Қазіргі уақытта ресми түрде 17 адам өтініш білдірген.

Ақтөбе облысы полиция департаментінде алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. «Сондай-ақ, тұлғасы анықталған күдіктінің орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», – деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Туристік компания иесінің орналасқан жерін қазір құқық қорғау органдары анықтап жатыр.