2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының барлығын жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға (ЖБИ) аудара алады. Ақша Біртұтас жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) қалады, бірақ оны Ұлттық банк емес, жеке компания басқарады. Жоспар бойынша әрбір ЖБИ консервативті, қалыпты және тәуекелді деңгейдегі түрлі инвестициялық портфель құра алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқарушылардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, азаматтарға өз қаражатын қай портфельге аударуды өздері таңдау құқығын беретін қаулы қабылдады.
Бұған дейін әрбір басқарушы бір ғана портфель және барлық салымшыларға ортақ БЖЗҚ активтерін басқарудың бірыңғай стратегиясын құратын. Жаңа ережелер бұл шектеулерді алып тастайды.
Консервативті портфель жасына қарамастан барлық салымшыға қолжетімді. Ол негізінен облигацияларға бағытталған, ал облигациялар әдетте акциялармен салыстырғанда құнының күрт өзгеруіне аз ұшырайды. Басқарушының нәтижесі әр жылдың қорытындысы бойынша бағаланады: бұл портфель үшін ең төменгі кірістілік белгіленген нарықтық бағдардың кірістілігінен кемінде 90% болуы тиіс. Шетел валютасындағы салымдардың үлесі 40%-дан аспауы керек.
Қалыпты портфель зейнеткерлік жасқа жетуіне үш жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған. Консервативті портфельден өзгеше, ол акциялар мен облигациялардың үйлесімін көздейді. Акциялар ұзақ мерзімде жоғарырақ кірістілікке үміттенуге мүмкіндік береді, ал облигациялар портфельдің жалпы тәуекелдерін азайтуға көмектеседі. Басқару нәтижелері үш жылдық кезең бойынша бағаланады, ең төменгі кірістілік белгіленген нарықтық бағдардың кірістілігінен кемінде 85% болуы тиіс, ал шетел валютасының үлесі 70%-бен шектелген.
Тәуекелді портфель зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған. Ол негізінен акцияларға бағытталған, сондықтан әлеуетті кірістілік жоғарырақ болуы мүмкін, бірақ активтердің құны да қаттырақ өзгереді. Мұндай стратегия ұзағырақ инвестициялық көкжиекке сай келеді: нарықтың уақытша төмендеуі активтер құнының кейінгі өсуімен өтелуі мүмкін. Басқарушының нәтижесі бес жылдың қорытындысы бойынша бағаланады, ең төменгі кірістілік белгіленген нарықтық бағдардың кірістілігінен кемінде 80% болуы тиіс, ал шетел валютасындағы салымдардың үлесі 80%-ға жетуі мүмкін.
Осылайша, әр портфельдің өз артықшылықтары мен кемшіліктері болады. Әр азамат бір немесе бірнеше ЖБИ-де бірден бірнеше портфель таңдай алады. Алайда бұл міндетті емес — қаласа, барлық жинақты Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің басқаруында қалдыруға болады.
Бір басқарушының портфелін ауыстыруға немесе оны басқа басқарушыға ауыстыруға жылына бір рет қана болатынын есте сақтау маңызды. Егер салымшы таңдалған стратегияға жасы бойынша сай келмей қалса, БЖЗҚ оның жинақтарын өзіне сай келетін басқа портфельге автоматты түрде аударады. Егер сай келетін портфель болмаса, оны алдын ала хабардар етеді, сонда ол басқа басқарушыны таңдай алады немесе ақшасын Ұлттық банкке қайтара алады.
Сонымен қатар көптеген қазақстандық ақшасын ЖБИ-ге аударуға әлдеқашан бел байлаған. Қыркүйек-қазан айларында көбінесе 1–3 млн теңге шамасындағы сомалар жіберілді.


