Соңғы кездері қазақстандықтарға «кепілді табыс» пен «тәуекелсіз инвестиция» ұсынатын алаяқтардың хабарламалары жиі келіп жатыр. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.

Polisia.kz Telegram-арнасында атап өтілгендей, алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды күмәнді инвестициялық жобаларға қатысуға шақырады. Олар өздерін брокер, инвестициялық компания қызметкері немесе қаржы сарапшысы ретінде таныстырып, «жоғары табыс», «кепілді пайда» және «тәуекелсіз инвестиция» уәде етеді. Алдымен құрбанға аз ғана сома салуды ұсынады, содан кейін жалған сайт немесе қосымша арқылы ақшаның өсіп жатқанын көрсетеді. Кейін «инвестицияны ұлғайту», «комиссия төлеу» немесе «шотты қайта ашу» сылтауымен қосымша ақша аударуды талап етеді.

Адам ақшаны шығаруға тырысқанда, сайт жұмысын тоқтатады, аккаунт бұғатталады, ал «кеңесші» із-түзсіз жоғалады. Нәтижесінде азамат салған барлық ақшасынан айырылады.

Алаяқтық жағдайларының көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады. Құқық қорғау органдары 100% кепілдікпен жоғары табыс уәде ететіндерге сенбеуге, «бірнеше күнде ақшаны бірнеше есе көбейту» ұсыныстарынан сақ болуға, шұғыл шешім қабылдауды талап ететін адамдарға сенбеуге, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға, банк картасының деректерін, CVV-код пен SMS-кодтарды ешкімге айтпауға, күдікті сілтемелерге өтпеуге және белгісіз қосымшаларды орнатпауға шақырады.