Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан Қандыағаш қаласының құлақ-мұрын-тамақ дәрігері Назгүл Кантуренованың туыстарына әріптестері көңіл айтуда. Оның қайғыға шыдамай көз жұмған ұлы да жер қойнына тапсырылатыны белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қайғылы хабар Instagram әлеуметтік желісіндегі «Врачи Актобе» парақшасында жарияланды. «Қандыағаш қаласының құлақ-мұрын-тамақ дәрігері Кантуренова Назгүл Мұратқызының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз», — делінген жазбада.
Әріптесінің ерте кетуі бүкіл медицина қауымдастығы үшін ауыр қайғы екені атап өтілген. «Назгүл Мұратқызының жарқын бейнесі әріптестерінің де, оны білген жандардың да жүрегінде сақталады», — деп жазды әріптестері. Сондай-ақ жазбадан марқұмның ұлының да жер қойнына тапсырылатыны белгілі болды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті тілшіге дәрігердің апат салдарынан қаза тапқанын түсіндірді. «Қандыағаш — Шалқар тасжолында, Жүрін ауылының маңында Renault көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлікті арыққа түсіріп, аударылып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция анасының қазасынан кейін ұлының өзіне қол жұмсағанын нақтылады.
Жарияланымда сондай-ақ еске салу бар: егер сізге немесе жақындарыңызға дағдарыс жағдайында көмек қажет болса, Қазақстанның түрлі қалаларындағы сенім телефондарына хабарласа аласыз.


