Алматы облысының Алатау қаласында зардап шегуші мен куә жалған айғақ бергені үшін қылмыстық іске тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Алатау қалалық соты зардап шегуші мен куәнің жалған айғақ беруіне байланысты жеке қаулы шығарды.

Сот адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру (ҚК 106-бабының 1-бөлігі) бойынша айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Үкіммен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сот істі қарау барысында зардап шегуші мен куәнің сотталушыны жауапкершіліктен босату мақсатында сотқа дейінгі тергеу кезінде берген алғашқы айғақтарын өзгерткенін анықтады, деп мәлімдеді сотта.

Істі қарау нәтижесінде сот зардап шегуші мен куәнің әрекеттерінде ҚР ҚК 420-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуына байланысты жеке қаулы шығарды. 2026 жылғы 19 маусымда Алатау қаласының полиция бөлімі зардап шегуші мен куәге қатысты ҚК 420-бабының 2-бөлігі (Көрінеу жалған айғақ беру) бойынша қылмыстық іс қозғады. Жеке қаулы заңды күшіне енді.