Алматыда автобус кестесін Көлік саясаты және даму институтының (ITDP, АҚШ) және Transport for London (TfL) әдістемелік ұсынымдарына сүйеніп құру жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Бұл туралы мегаполис әкімдігі қоғамдық көлікті қандай өзгерістер күтіп тұрғанын түсіндіре отырып айтты.

Қазір қалада автобус бағыттарының жұмысы нақты жолаушы ағынын, көліктердің толымдылығын және қозғалыс аралықтарын ескере отырып талданып жатыр. Міндет — қоғамдық көлікті субсидиялау шығыстарын қайта қарау, жылжымалы құрамды тиімдірек бөлу және аудандардың көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Алматыда 210 бағытқа қызмет көрсететін 27 автобус автопаркі жұмыс істейді. Күн сайын желіге шамамен 3,2 мың автобус шығады, ал жолаушы ағыны 1,6 млн адамнан асады. Сонымен қатар субсидиялау шығыстары өсіп келеді: 2024 жылы тасымалдаушылардың өтінімдері 83,7 млрд теңге болса, 2026 жылы — 149,6 млрд теңге. Осыған байланысты есептік тарифтің құрамдастары, оның ішінде үстеме және басқа да шығыстар қайта қаралып, көлік жұмысының нақты жолаушы ағыны бойынша бөлінуі талданып жатыр.

Осы жұмыс аясында автобустардың жалпы санын қысқартпай, 92 қалалық автобус бағытындағы қозғалыс кестесіне түзету енгізілді. Қала маңы және таулы бағыттарға қатысты өзгеріс болған жоқ.

Әкімдік халықаралық тәжірибеге сілтеме жасады: оған сәйкес қозғалыс кестесі тәуліктің әр уақытындағы және апта күндеріндегі нақты жолаушы сұранысын ескере отырып құрылады. Мұндай тәсіл ITDP мен TfL әдістемелік ұсынымдарына сай келеді: қарбалас сағаттарда қозғалыс қарқындылығы артады, ал сұраныс төмендегенде рейстер саны түзетіледі.

92 бағыттың 35-іне «Алматыэлектротранс» ЖШС коммуналдық тасымалдаушысы қызмет көрсетеді. Оларда көлік жұмысының нақты көлемі сақталды. Субсидия есебінен шығарылған рейстер кәсіпорын есебінен орындалады және бюджеттен қосымша қаржыландырылмайды.

Қалған 57 бағыт бойынша жолаушы ағынына, автобустардың толымдылығына және қозғалыс аралықтарына қосымша жеке талдау жүргізіліп жатыр. Әр бағыт бойынша шешімді жыл соңына дейін тасымалдаушылармен бірлесіп, халықтың нақты қажеттілігін ескере отырып қабылдайды.

«Қатар диспетчерлік жүйе жаңғыртылып, бақылау желілерінің мониторингі енгізілуде. Бұл кестенің сақталуын, қозғалыс аралықтарын және автобустардың желіге шығуын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл тасымалдаушылардың жұмысын бақылауды күшейту, көлікті уақтылы техникалық қызметпен қамтамасыз ету, бұзылу қаупін азайту және автобустарды резервтік жылжымалы құраммен жедел алмастыру үшін қажет. Қазір Алматы мен Алматы агломерациясы үшін субсидиялаудың жаңа ережелері әзірленуде. Жолаушы ағынын, қозғалыс тұрақтылығын, жол ақысының толық төленуін және қызмет көрсету сапасын ескеретін модельдерді қоса, түрлі тәсілдер қарастырылуда», — деп атап өтті әкімдікте.

Жаңа модель бағыттар арасында көлік ресурстарын теңгерімдірек бөлуді қамтамасыз етіп, жолаушылардың қажеттілігін ескеретіні күтілуде. Сонымен қатар ол бюджет шығыстарының экономикалық негізділігін сақтай отырып, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қолдауға мүмкіндік береді.