Қазақстан 2030 жылға дейін шамамен 600 жаңа инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Өңдеу өнеркәсібі елдің экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өңдеу секторын кеңейту жұмыстары қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Былтыр елде 190 жоба пайдалануға берілді. Биыл тағы 200 өндірісті іске қосу жоспарланған, оның 116-сы қазірдің өзінде жүзеге асырылды.

Ірі бастамалардың қатарында Қарағанды және Абай облыстарында екі мыс қорыту зауытын, Павлодар облысында «Ертіс» гидрометаллургиялық комбинатын, Жамбыл облысында «ЕвроХим-Қаратау» кешенін салу бар. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында калий тұздарын, ал Маңғыстау облысында аммиак-карбамид өнімдерін шығаруды жолға қою жоспарлануда.

Ірі кәсіпорындардың дамуы сабақтас салаларға да серпін береді. Мәселен, Қостанай облысындағы KIA Kazakhstan зауыты мен Алматыдағы көпбрендті автозауыт айналасында жергілікті кәсіпкерлерден құралған жеткізушілер кластері қалыптасып келеді. Қазақстандық компаниялар автокомпоненттер, мультимедиялық жабдық, автомобиль орындықтары, сым баулар және басқа да өнімдер шығаруды меңгеруде.

Сонымен қатар мемлекет жаңа кәсіпорындардың экономиканың нақты қажеттіліктеріне сай болуын қадағалауды көздеп отыр. Атап айтқанда, металлургияда өндірістік қуаттар теңгеріміне бақылау күшейтілді. Бұл болат өндірісінің едәуір бөлігі бір ірі өндірушіге шоғырланған сала үшін әсіресе маңызды.

Болашақ бастамаларды бағалау үшін министрлік өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау әдістемесін әзірледі. Ол қолданыстағы кәсіпорындарды, ішкі сұраныс пен экспорттық перспективаларды ескере отырып, елге жаңа өндірістердің қаншалықты қажет екенін айқындауға мүмкіндік береді.

Өндірістік қуаттарды бағалау нәтижелері мемлекеттік қолдау көрсету кезінде де ескеріледі. Ведомствода айтқандай, бұл тетікті елдің барлық өнеркәсіп жобаларына қолдану жоспарлануда.