2026 жылғы 14 тамызда болған ірі блэкауттан кейін Алматы қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, энергожүйедегі қуат балансының авариялық бұзылуына байланысты сыртқы электрмен жабдықтау уақытша тоқтатылған. Барлық қызметтер қаланың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда.
Электр қуатының болмауына байланысты метрополитен жұмысы уақытша тоқтатылды. Станциялар контактілі рельске кернеу беру қалпына келгенге дейін кіруге және шығуға жабық. Қозғалыстың қайта жандануы туралы қосымша хабарланады.
Медициналық ұйымдар үздіксіз жұмыс жоспарларына сәйкес жұмысын жалғастыруда. Стационарлар резервтік қуат көздерімен — дизельдік генераторлармен және үздіксіз қоректендіру көздерімен жабдықталған. Ең алдымен реанимация, операциялық бөлімшелер, қабылдау бөлімшелері және басқа да маңызды жабдықтар резервтік қуатпен қамтамасыз етіледі. Жедел медициналық көмек белгіленген тәртіпте көрсетілуде.
Кейбір аудандарда су қысымының уақытша төмендеуі және сумен жабдықтауда үзілістер болуы мүмкін, әсіресе ғимараттардың жоғарғы қабаттарында. Бұл электр қуатымен жұмыс істейтін сорғы станцияларының тоқтауына байланысты. Электр қуаты қалпына келтірілгеннен кейін сорғы станциялары іске қосылып, сумен жабдықтау біртіндеп қалпына келеді.
Әкімдік қалалық қызметтермен бірлесіп жағдайды бақылауды жалғастыруда және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің тұрақты жұмысы үшін барлық шараларды қабылдауда. Әрі қарайғы өзгерістер туралы қосымша хабарланады. Тұрғындарды сабырлық сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.
Еске салайық, бүгін Алматыда және Алматы облысында ірі блэкаут болды. Энергетика министрлігінің деректері бойынша, себебі Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруінен туындаған энергожүйедегі қуаттың артуы болды. Қарсы авариялық автоматика іске қосылып, Қазақстанның кейбір өңірлерінде бірқатар тұтынушылардың өшірілуіне әкелді.


