Алматының Алатау ауданындағы ірі «Ақкент-3» тұрғын үй кешенінің тоғыз көпқабатты үйінің тұрғындары қала әкімдігіне көмек сұрап жүгінді. Олардың айтуынша, үйлердің қасбеті қауіпті жағдайда тұр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
e-Petition порталында «Ақкент-3» тұрғын үй кешенінің №45, 46, 47, 48, 50, 51, 52, 53 және 54 үйлерінің тұрғындары петиция жариялады. Олардың мәлімдеуінше, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті «қанағаттанарлықсыз әрі ықтимал қауіпті жағдайда».
«Кейбір учаскелерде қаптама плиталары қабыршақтанып, құлап жатыр. Бұл тұрғындардың, соның ішінде балалардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді», — деп жазады өтініш авторлары.
Тұрғындардың айтуынша, аталған үйлердегі пәтерлердің едәуір бөлігі мемлекеттік және коммуналдық тұрғын үй қорына жатады, ал кейбір үйлерде мемлекеттік тұрғын үйдің үлесі шамамен 70%-ды құрайды.
Петицияда Алматы қаласының әкімдігінен тоғыз үйдің де қасбетіне техникалық тексеру жүргізуді және жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді күрделі жөндеу, реконструкциялау немесе жаңарту мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Бұл «Халықтың қатысуымен қалыптасатын бюджет» тетігі, бірыңғай сәулет келбетін қалыптастыру бағдарламасы немесе заңнамада көзделген өзге де бюджеттік тетік арқылы жүзеге асуы тиіс.
«Осы мәселені тек жеке меншік иелеріне несие арқылы шешуге жүктемей, аталған үйлердегі үй-жайлардың ірі меншік иесі ретінде мемлекеттің де қатысуын ескеруді сұраймыз. Ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі және ықтимал жазатайым оқиғалардың алдын алу қажеттілігі туралы сөз болып отыр», — делінген петицияда.


