Алматы тұрғындары қоғамдық көлік жұмысындағы ақаулар туралы көптеп хабарлауда. Олардың айтуынша, маршруттарға бірлі-жарым автобус шығып, басым бөлігі газ құю станцияларында тұр. Бұған қаладағы бірнеше газ бекетіндегі техникалық ақау себеп болған, деп хабарлайды infohub.kz.

29 шілде күні таңертең әлеуметтік желі қолданушылары Жароков көшесінде автобустардың автомобиль газ құю станциясына (АГҚС) кезекке тұрып, ұзын колонна құрғанын жазды. Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік бір жолақты түгел алып қалған. Жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп жатқандықтан, жолдың бір бөлігі жабық, бұл жағдайды одан әрі ушықтырды.

Оннан астам автобустан тұратын мұндай колонналар Райымбек даңғылында да байқалды. Қолданушылар автобусты 30–40 минут күтуге мәжбүр болғандарын айтады. Кейбіреулер мұны газ тапшылығымен, енді біреулер жол жөндеу жұмыстары мен кептеліспен байланыстырады.

Кейін Kazakhstan Bus Community қауымдастығы ақаулардың себебі Алматыдағы бірнеше автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясындағы (АГТКС) техникалық істен шығу болғанын мәлімдеді. «Қаладағы көптеген газ маршруттарында жылжымалы құрамның жоспарлы шығарылымы айтарлықтай төмендеді. Жекелеген бағыттарда маршрутқа төрттен сегізге дейін автобус қалды. Көлік қозғалысының аралығы уақытша ұлғайтылды», — делінген хабарламада.

Kazakhstan Bus Community мамандар ақауды жоюға кірісіп, автобустардың әдеттегі кестеге оралатынын қосты.