Алматыда Республика алаңына жалғасатын Байсеитова көшесін абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін қала тұрғындары ұзаққа созылған жөндеуге шағымданған болатын. Мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір мұнда жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жаңартылып, аумақ көгалдандырылып, суару жүйесі салынып, көше жарығы жаңғыртылуда, деп жазады infohub.kz сайты.

Әкімдік дерегінше, учаскеде 10 392 сәндік бұта отырғызу көзделген. Олардың қатарында жылтыр кизильник, ақ сүйелшөп, арша және сыпыртқы тәрізді гортензия бар. Сонымен қатар 804 көпжылдық өсімдік, оның ішінде сальвия мен пеннисетум отырғызу жоспарланған. Учаскеде бес еуропалық жөке де отырғызылған.

Жасыл екпелерді толық күтіп ұстау үшін 4 км тамшылатып суару жүйесі тартылды. Бұл өсімдіктерді қажетті ылғалмен қамтамасыз етіп, көгалдандырылған учаскелерді тиісті жағдайда ұстауға мүмкіндік береді.

Көшеде 5893 шаршы метр жаңа жабын төселді. Оның 2730 шаршы метрі гранит жабын, 3163 шаршы метрі асфальт жабын. Қала тұрғындарының демалысы үшін 17 орындық орнатылды.

Қазір учаскеде жұмыс барысында аумақты жарықпен қамтамасыз ететін бір шамы бар шамдар уақытша орнатылған. Жаяу жүргіншілер жолын салу аяқталған соң олар жаңа екі шамы бар жарық тіреуіштеріне ауыстырылады.

«Абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Көшені жаңарту қала тұрғындары мен қонақтары үшін неғұрлым жайлы, көгалдандырылған және ыңғайлы қоғамдық кеңістік құруға бағытталған», — деп қосты әкімдікте.

Еске салайық, қараша айының басында алматылықтар Байсеитова көшесіндегі ұзаққа созылған жөндеуге және құрылыс алаңынан қоқыстың шығарылмай жатқанына шағымданған еді. Сонда әкімдік құрылыс-монтаж жұмыстарының бір бөлігі, оның ішінде жаяу жүргіншілер жабынын салу 10 қарашаға дейін аяқталатынын мәлімдеген. Кейін мегаполис тұрғындары Байсеитова көшесінде орнатылған жаңа сәулет пішіндерін сынға алды.