Алматыда белгісіз ер адамның балаға шабуыл жасағаны туралы хабарламадан кейін полиция тергеу бастады. Оқиға «Атакент» саябағының маңында болған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қауіпті салдардың алдын алуға жақын жерде болған әскери қызметшілер көмектескен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кейін Threads әлеуметтік желісінде зардап шеккен баланың анасы екенін айтқан әйел оқиғаның мән-жайын ашып айтты. Оның айтуынша, белгісіз адам жаттығуда болған балаларға шабуыл жасаған. «Ол қазақтарды жек көретінін айғайлап, балаларды пышақтап тастаймын деп қорқытқан. Алдымен бір қызды ұруға тырысқан, бірақ ол үлгеріп қашып кеткен. Сосын менің 10 жасар ұлымның көзіне жұдырықпен ұрған. Баланың көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қорқып, қашып үлгерді», — деп жазды ол.
Әйел сол сәтте жақын жерде әскери қызметшілер болғанын растады. Олар күдіктіні қуып жетіп, ұстап, 102-ге хабарласып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. «Бүгін менің балам зардап шекті. Ертең оның орнында кез келген басқа бала болуы мүмкін. Бақытымызға орай, балалар қашып үлгерді. Мұның қалай аяқталуы мүмкін еді деп ойлау да қорқынышты», — деп қосты ол.
NUR.KZ тілшісіне Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің ұсталып, полицияға жеткізілгенін растады. «Саябақ аумағында кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті түрде құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады полицияда.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.


