Алматыда бүгін, 14 тамызда болған ірі блэкауттан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта қаладағы бағдаршамдардың шамамен 90 пайызы электр желісіне қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды infohub.kz.

Алматы әкімдігінің Telegram-арнасында бағдаршам нысандарын қайта іске қосу кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Мамандар жабдықты тексеріп, қалған нысандардағы жүйелерді қайта іске қосуда. Техникалық ақаулар анықталған жағдайда қажетті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс қаладағы барлық бағдаршамның қалыпты жұмысы толық қалпына келгенше жалғасады.

Еске сала кетейік, бүгін Алматы мен Алматы облысында ірі блэкаут болды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, оның себебі — Орталық Азия энергожүйесі тарапынан электр энергиясы ағынының күрт өзгеруінен туындаған энергожүйедегі қуаттың артуы. Соның салдарынан аварияға қарсы автоматика іске қосылып, Қазақстанның кейбір аймақтарында бірқатар тұтынушылардың электр қуаты өшірілді.

Бағдаршамдардың өшуіне байланысты жолдарда кептеліс пайда болып, қала тұрғындары өздері жол қозғалысын реттеуге шықты. Сондай-ақ сыртқы электрмен жабдықтау толық тоқтағандықтан метрополитен жұмысы уақытша тоқтатылды, алайда кейін метро әдеттегі режимге оралды. Алматы полициясы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.