Тұрғындардың құқығын қорғаймын деп, құрылыс компаниясынан ақы талап етуге бола ма? Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұған жол жоқ деп шешті. Алқабилер Ернар Рахимжановты бопсалауда кінәлі деп таныды: тергеу нұсқасы бойынша, ол құрылыс компаниясынан екі пәтер үшін 17 млрд теңге талап етіп, оның орнына застройщикке қарсы науқанды тоқтатуға уәде берген. Осы үшін ер адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Үкімге сәйкес, 2021 жылы Ернар Рахимжанов Алматыдағы Сүлейменов көшесіндегі төрт пәтерді аукционнан сатып алып, оны анасына рәсімдеген. Екі жыл өткен соң қасында «Алма Тау Construction» компаниясының тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған. Сот нұсқасы бойынша, дәл сол кезде ер адам компанияны өз жылжымайтын мүлкін сатып алуға мәжбүрлеу жоспарын ойластырған.

2024 жылы жазда Рахимжанов құрылыс компаниясына пәтерлерді сатып алуды ұсынған. Бас тартқан соң, сот анықтағандай, ол әлеуметтік желілерде бейнелер жариялап, тұрғындардың жиындарын ұйымдастырып, түрлі мемлекеттік органдар мен БАҚ-қа өтініштер жібере бастаған. Мұның бәрі, айыптау нұсқасы бойынша, компания оның шарттарына келіспесе, оған қарсы науқанды жалғастыру қаупімен қатар жүрген. Талап етілетін сома үнемі өсіп, екі пәтердің әрқайсысына 8,5 млрд теңгеден, барлығы 17 млрд теңгеге жеткен.

Ернар Рахимжанов пен құрылыс компаниясы арасындағы қақтығыс тарихы қылмыстық іс аясында басталған жоқ. 2024 жылы ол Orda.kz редакциясына азаматтық белсенді ретінде хабарласып, Сүлейменов көшесіндегі тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы болған. Сонда тұрғындар жобада көзделген балабақшаның орнына тағы бір тұрғын үй кешенін сала бастағанын мәлімдеген. Рахимжанов құрылысты тоқтату үшін әкімдікке, прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, салалық министрліктерге және басқа да мемлекеттік органдарға өтініш жолдағанын айтқан. Orda.kz жариялаған мемлекеттік органдардың жауаптарында «Алма Тау Construction» ЖШС рұқсат беретін құжаттардың толық пакетінсіз құрылысқа кіріскені айтылған. Кейін кейбір бұзушылықтар жойылған, алайда белсенділер мен құрылыс компаниясы арасындағы жанжал мұнымен аяқталмаған.

Дәл осы көпжылдық қақтығыс тарихын тергеу кейін бопсалау схемасының бір бөлігі деп атады. Айыптау нұсқасы бойынша, шағымдар, жарияланымдар мен тұрғындардың жиындары компанияға қысым көрсету тәсіліне айналған. Рахимжановтың өзі бұл бағалаумен келіспей, тек заңның сақталуын талап еткенін айтады.

Компания өкілінің полицияға арызынан кейін құқық қорғау органдары жедел іс-шаралар жүргізді. Олардың бақылауымен айыпталушының анасының шотына болашақ мәміле үшін 20 млн теңге алдын ала төлем аударылды. Бұл ақша қылмыстық істің материалдарына негіз болды.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Олар Рахимжановты аса ірі мөлшерде бопсалауда кінәлі деп таныды. Сот оған сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі. Сонымен қатар, құрылыс компаниясының 20 млн теңгені өндіріп алу туралы азаматтық талабын сот қараусыз қалдырды — талапкер өкілі бұл талаппен азаматтық іс жүргізу тәртібімен бөлек жүгінетінін мәлімдеді. Осы қаражатқа салынған тыйым сақталады.

Үкім шығарылғаннан кейін Рахимжанов пен оның адвокаттары апелляциялық шағымдар берді. Олар үкімнің күшін жойып, істі соттың басқа құрамында қайта қарауға жіберуді сұрайды. Қорғаушылардың пікірінше, іс материалдарында ер адамның өз әрекетінің құқыққа қайшы екенін түсінгені және бопсалауға ниеттенгені туралы дәлелдер жоқ. Ал құрылыс компаниясымен келіссөздер, адвокаттардың айтуынша, оған тиесілі жылжымайтын мүлікті сатудың қарапайым әрекеті болған. Сонымен қатар, қорғаушылар бірінші сатыдағы сот үкімнің негізіне қылмыстық іс жүргізу заңын бұза отырып алынған дәлелдерді қойған деп санайды. Алматы қалалық соты апелляциялық шағымдарды өндіріске қабылдады. Олар 21 шілдеде қаралады. Осы уақытқа дейін Рахимжанов қамауда қалады.