Алматы цифрлық қызметтерді дамыту деңгейі бойынша әлемнің 194 қаласының ішінде 12-орынға тұрақтады. Бұл деректер Біріккен Ұлттар Ұйымының UN E-Government Survey 2026 зерттеуінде ұсынылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, екі жыл ішінде Алматы өз нәтижесін 27-орыннан 12-орынға жақсартқан. Жергілікті онлайн-қызметтер индексінің (Local Online Services Index — LOSI) мәні 1 балдан 0,8021-ден 0,9604 балға дейін өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы Копенгаген, Лондон, Токио, Шанхай және әлемнің бірқатар басқа қалаларымен 12-орынды бөлісті.
БҰҰ зерттеуі қала тұрғындары үшін электрондық қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын бағалайды. Сарапшылар ресми интернет-порталдардың жұмысын, қызметтерді онлайн алу мүмкіндігін, қалалық ақпаратқа қолжетімділікті, кері байланыс тетіктерін және азаматтардың қаланы басқаруға қатысуын талдайды. Бағалау алты негізгі бағытты қамтиды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту қалалық ортаның ыңғайлылығын тек тұрғындар үшін ғана емес, туристер үшін де арттырады. Өзекті ақпаратқа, электрондық сервистерге және цифрлық құралдарға қолжетімділік қала қонақтарына бағдар ұстауды, сапар жоспарлауды және қалалық инфрақұрылымды пайдалануды жеңілдетеді.
Бұған дейін Алматының инновацияларды енгізу және қалалық ортаны дамыту саласындағы жетістіктері халықаралық мойындауға ие болған. 2025 жылдың қазанында Брюссельде өткен Global Tourism Forum-да қала туризмдегі инновациялар мен қалалық ортаны өзгерту үшін Special Recognition for Tourism Innovation and Urban Transformation — арнайы марапатына ие болды. Марапат заманауи қалалық инфрақұрылымды дамыту және туристік тәжірибенің сапасын арттыру жұмыстарын атап өтеді.
БҰҰ рейтингіндегі орынның жақсаруы мен халықаралық алаңдардағы мойындау Алматының цифрлық қызметтерді, қалалық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі дәйекті жұмысын көрсетеді.


