Алматыда айыппұл тұрағында кикшеринг компанияларының 9 мыңнан астам жалдамалы электросамокаты жиналып қалды — техника сонда айлап тұр. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Жалдамалы электросамокаттарға жылдамдық шектеуі шілденің басынан күшіне енді. 25 тамыздан бастап осы көлікпен тротуармен жүруге, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз пайдалануға тыйым салынды; сонымен қатар жүргізуші дулыға киюге міндетті. Полиция көшелерді белсенді түрде патрульдеп, ереже бұзылған жағдайда көлікті айыппұл тұрағына қояды.

Бір айға жетер-жетпес уақытта — 25 тамыздан бері — «самокатшыларға» қатысты 6 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, Полиция департаментінің дерегінше, қазір айыппұл тұрағында 9 мыңнан астам электросамокат тұр.

«Көлік құралы техникалық жағынан жарамды, тіркеу нөмірлері бар болуы керек. Оған тек кәмелетке толған, көлік жүргізу құқығы бар адамдар ғана қол жеткізе алады», — деп атап өтті Алматы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. Әйтпесе самокаттар айыппұл тұрағына түседі.

Пайдаланушы үшін тротуармен жүру, жолаушы мен жүк тасу, сондай-ақ самокатты қасында домалатып апармай, жаяу жүргіншілер өткелімен өту 21 625 теңге айыппұл салуға әкеп соғады. Төтенше жағдай туындаса, айыппұл мөлшері артады.

Еске салайық, жылдар бойы кикшеринг самокаттары «соңғы шақырым» көлігіне айналған еді — мысалы, метро станциясына жету үшін. Көптеген шектеумен бұл қызмет мағынасыз болып қалды. Ал биылғы жазда жол жөндеу жұмыстарының көптігінен оларға деген сұраныс, керісінше, артты.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle самокаттардағы жылдамдықты шектеуге қарсы алматылықтар бірнеше петиция жариялағанын жазған. Солардың бірінде бұл шара абсурд деп аталған.