Алматыда Есентай өзенінің жағасындағы тасталған тоғыз қабатты кешенді бөлшектеуге кірісті. Көп жыл бойы аяқталмай тұрған ғимаратты қирата бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл жұмыстарға әлеуметтік желі қолданушылары назар аударды. Олар жағалаудағы көзге түсетін ғимараттардың бірі бұзыла бастады деп болжады. Жарияланған кадрларда ғимараттың қасбетінің едәуір бөлігі жойылғаны көрінеді.

Еске салайық, Көктем-3 шағын ауданындағы, 22 мекенжайындағы ауданы шамамен 9,5 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты кешен 2017 жылы салынған болатын. Есентай өзенінің жағасындағы ғимаратты қонақ үй ретінде пайдалану жоспарланған еді, алайда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін нысан пайдалануға берілмеді.

2022 жылы құрылысы аяқталмаған ғимаратты 5,2 млрд теңгеге сатуға тырысты, кейін баға 4,74 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Алайда сатып алушы табылмай, нысан бос тұра берді. 2025 жылдың наурыз айында ғимаратта өрт болды. Екінші қабатта құрылыс қоқысы өртенді.

2025 жылдың маусымында нысан «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» ЖШС-не берілді. Бұл кезде ғимарат 100% дайын болған, бірақ пайдаланылмаған. Кейін қонақ үйді Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды мемлекетке тапсырғаны белгілі болды. Онда қалалық соттарды орналастыру жоспарланған еді.

Маусым айында Tengrinews.kz «Алматы» ӘКК» АҚ балансына өткенін хабарлады. Енді ғимаратта IT-хаб ашу жоспарлануда.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Алматыда қаладағы ең танымал тасталған ғимараттардың бірі – Сайран көлінің жанындағы көпқабатты үйді бөлшектеу басталғанын жазған болатын.