Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Наиля Мулюкова бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырғаны үшін сотталған еді. Ол қамаудан босатылды. Сот оған жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеумен алмастырды, деп хабарлайды infohub.kz.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Мулюкова босатылғаннан кейін пробация қызметінің есебіне қойылды. Ол Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуға тыйым салуды қоса алғанда, барлық шектеулерді сақтауға міндетті. Пробация қызметінің қызметкерлері сот белгілеген шектеулердің сақталуын тұрақты бақылап, жүйелі түрде тексеру жүргізеді.

Еске салайық, 2023 жылы Мулюкова сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеуге іліккен еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол «Безендіру KZ» ЖШС-не басымдық беріп, серіктестік 456 млн теңгеге сегіз мемлекеттік келісімшарт алған. Айыптау тарапы бюджет қаражатының бір бөлігі жалған келісімшарттар мен қызмет құнын асыра көрсету арқылы шығарылғанын, мемлекетке келтірілген залал 92,8 млн теңгені құрағанын мәлімдеді. Нәтижесінде бұрынғы шенеунік қаражатты жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша кінәлі деп танылды.